МЕКТЕП ТАРИХЫ

Мектеп тарихы мәңгі жалғасады

          Шалқар өңірінен шыққан Совет Одағының Батыры І. Үргенішбаевқа мектеп атының берілуі – Ер есімін Ел есінде сақтаудың айқын айғағы.

          Мектеп – білім ордасы. Тәлім-тәрбие, рухани мәдениет ошағы – жас ұстаздың ұлағатты ұстаз шыңына дейінгі сара жолы. Шәкірттердің рухани өсіп-өну арнасы. Күміс қоңыраудан өмір қоңырауына «Ақ жол» тілеп, шығарып салатын Отан – Ана – Мектеп.

          66 жылдық тарихы бар білім ордасы І.Үргенішбаев атындағы орта мектеп – Шалқар қаласындағы жаңа және жұмысшы қалашығының, теміржол бойын жағалай орналасқан елдімекендегі, негізінен, теміржолшылардың балаларын оқытқан мектеп.

          Мектеп 1958 жылы №496 Қазақстан темір жолының жеті жылдық мектебі болып ашылды. 1964 жылдан бастап Кеңес Одағының Батыры І.Үргенішбаев атындағы №496 орта мектеп, ал 1977 жылдан бастап Батыс Қазақстан темір жолының І.Үргенішбаев атындағы №40 қазақ орта мектебі болып өзгерді. 1977 жылдан бастап І.Үргенішбаев атындағы орта мектеп болып аталады.

   Батыс Қазақстан теміржолына қарасты оқу орны мектептің материалдық жағынан көркеюіне, әдістемелік жағынан дамуына зор ықпал етті. Оқу орнының басшылары  П.Я.Назимко, Б.Есенжолов мырзалардың мектеп тарихында алатын орны ерекше. Оқу-тәрбие үрдісінің жоғарғы деңгейге көтерілуі, озат тәжірибелі ұстаздардың еңбегінің бағалануы үшін Батыс Қазақстан теміржолына қарасты мектептерде семинарлар, әдістемелік басқосулар, келелі кеңестер мен түрлі мәдени шаралар жиі өткізілді.

          Мектепте бала саны күннен күнге көбейіп, қанаты кең жайылды. 1970-1980 жылдары оқушы саны 2000-ға дейін жетіп, «а» класынан «е» класына дейін оқыды. Әр класта 30-35 оқушыдан болып, бастауыш сыныптар әр жерде бөлініп оқыды. Сол жылдары мектеп басшысы болған Н.Мырзатаев, С.Саухановтың педагогикалық ұжым, ата-аналар атынан жоғарғы билік орындарына үздіксіз жазған талап-өтініштерінің негізінде 1986 жылы №41 теміржол мектебінің іргетасы қаланды. Мектеп қарашаңырақ болып, одан 1988 жылы №41 мектеп бөлек отау тігіп шықты. Мектеп директоры С.Сауханов болды. Ашылған мектепке өз ісінің маманы, тәжірибелі ұстаздарымыз Ә.Жаниязов, Ж.Ұйқасов, С.Жолдыбаев, Д.Батырғарина, Б.Алдиярова, А.Ақтөреева, Б.Жоламанов, Б.Мұстафина, Р.Мусаева ауысты. Қаланың «жұмысшылар қалашығында» тұратын шәкірттеріміз жаңа мектепке жіберілді.

          Мектеп тарихында мектептің алғашқы директорларының, алғашқы ұстаздарының есімдері айрықша құрметке ие. Мектептің алғашқы директоры – Шәуен Елмағанбетов, оқу ісінің меңгерушілері – Сапа Жездібаев, Жақай Қоқанов, алғашқы ұстаздары Зияш Дәулетов, Мәруа Атауова, Асыл Әленова, Әлпен Науанова, Ж.Қуанышова болды. 1960 жылдан бастап Ж.Қоқанов мектеп директоры болды. Мектепке Батыр атағының берілуіне Ж.Қоқановтың сіңірген еңбегі ерен болды. Ж.Қоқанов ұжымды басқарған кезде Орынбасар Өтегенов, Шаһмарал Жолдасбаев, Сәбетбай Елубаев оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі қызметін атқарған.

          1967 жылдан бастап 1979 жылға дейін Ниеталы Мырзатаев, 1977-1987 жылдар аралығында Серғазы Сауханов мектеп директоры болып, абыройлы қызмет атқарды. 1987-2012 ж.ж.ұжымға Зинельабдин Жолекенов, 2012-2018 жж Жанайдар Сәндібекұлы, 2018-202 жж Мұқанова Шолпан Байғазықызы басшылық жасады. 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап Ажмұратов Айбек Тағыбергенұлы басшылық етіп келеді.

          Мектеп шежіресінде оқу-тәрбие ісі меңгерушілерінің еңбегі – қиын да, күрделі еңбек. Б ұл тұрғыда өз кезеңдерінде осы жауапты міндетті абыроймен атқарған Нұрғазы Кенжалин, Дәулетжан Қыдыров, Мұрат Оралбаев, Әбдіжәлел Жаниязов, Мәулен Құрманов, Бақытжамал Жұмағалиева, Қанипа Баймағанбетова өздері қызмет жасаған кезеңдегі заманның талабына сай жаңалықтың жаршысы, оқу-тәрбие ісінің білгір ұйымдастырушылары, ұстаздардың ұстазы, мектеп директорының сенімді тірегі болды.

          «Ұстаз – мектептің жүрегі» деген мәңгі мәнін жоймайтын ұлағатты сөз бар. Тарих тереңіне  бойласақ, бұл мектепте Республикаға аты танымал нағыз білікті ұстаздар қызмет еткен. Білімділіктің, парасаттылықтың, ізденімпаздықтың сара жолын салған Ә.Оспанов, З.Дәулетов, Қ.Ахметов, Ж.Тәңірбергенов секілді ұлағатты ұстаздармен бірге, жас ұстаздар еңбек майданын қыздырды.

          Алғашқы ұстаздардың ізін басқан педагогикалық ұжымда 70-80 жылдары еңбек еткен ісіне ынталы, білікті мамандар атымен мектеп есімі елге кең танылды. Б.Ерімбетов, М.Магдеев, М.Тағыбергенов, М.Бегимов, К.Құрманова, Т.Төлеуова, З.Түйешенова, З.Досалиева, Р.Төлегенова, Т.Қанатбаева, З.Жаңабаева, К.Сейтқұлов, К.Дәулетова, А.Құлмұратова, А.Нұржанова, Н.Усманова, С.Қалжанова, А.Жарасбаева, М.Мырзалина және т.б. ұстаздар мектептегі оқу-тәрбие жұмысына, қоғамдық жұмыстарына белсене қатысты. Бар өмірі ұстаздықпен, бала тәрбиелеумен өткен, бүгінде ортамызда жоқ ұстаздар рухы да мектеп тарихын саралағанда, әріптестерінің, өздері оқытқан түлектерінің жүрегінде тұрады. Олар нағыз ұстаздар еді.